в актогае -7
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
Мобильная версия

Саяхат

Ақтоғай-туризмнің таптырмас көзі.

     Ақтоғай ауданының табиғи ресурстары мен тарихи – мәдени мұрасы туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Атап айтатын болсақ аудандағы туризм саласын үш бағытқа бөлуге болады.

  • Экологиялық-археологиялық туризм,
  • Этно-аграрлық туризм,
  • Жағажай туризмі.

Экологиялық-архелогиялық туризмге Бектауата, Ақсораң орманды оазисін жатқызуға болады. Бектауата – Сарыарқаның оңтүстігіндегі тау. Солтүстікке қарай 60 км жерде, ұсақ шоқылы-белесті жазықта орналасқан. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 7 км-ге созылып жатыр, ені 3 км, абсолюттік биіктігі 1213 м. Құбылтайөзек аңғары оны батысындағы Сарықұлжа (1082 м) тауынан бөліп тұрады. Бектауатаның беткейлері тік, жылтыр тақыр тасты, төбесі үшкірлеу келген. Тас көмір кезеңінің қызғылт граниттерінен түзілген. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і Қызыл Кітапқа енгізілген. Сонымен қатар Бектауата тауында киелі саналатын тұзщы су көзі бар. Некен-саяқ елік, арқар мекендейді. Пьезооптикалық минералдардың ұсақ кен орындары мен табиғи үңгірлер бар. «Әулие» үңгірі орналасқан. Бектауата тау желісі – туристердің қызығушылығын тудыратын табиғат әлемінің ерекше бір туындысы. Бектау ата бауырында Факель лагері жұмыс жасайды.

Тарихы терең Беғазы – Дәндібай мәдениеті жатады. Ғылыми әлемде қола дәуіріндегі Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қазба жұмыстарымен танымал. Жергілікті халықтар мыс, алтын қортқан, егін мал шаруашылығымен, темір өндіру ісімен айналысқан. Беғазы кешеніндегі мавзолейде табылған қола жебенің ұштары көшпелі халықтың мәдениетінің дамығандығын көрсетеді. Беғазы мәдениетіне жататын тарихи жәдігерлер ерте заманнан, дәлірек айтқанда, қола дәуірінен жет­кен мұралар. «Беғазы» деген атау сол жердегі Беғазы тауына, Беғазы өзеніне байланысты қойылған. Дән­ді­бай да – жер атауы. Осы екі атау біріктіріліп, сол жер­дегі ежелгі өркениет қонысын «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп атайды тарих ғылымында. Ерте дәуірдегі Қазақстанның тарихынан сыр қозғайтын «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» – Қара­ған­ды облысындағы аудан орталығы Ақтоғай кентінен 40 шақырымдай жерде. Бұл тарихи мекенді зерттеп, оның ежелгі тарихымыз үшін маңызын айқындаған ғалым – әйгілі академик, тарихшы, этнограф Әлкей Марғұлан. Ғалым бастаған арнаулы археологиялық топ Беғазы-Дәндібай мекенін 1947-1949 және 1952 жылдары жан-жақты зерттеді. Осы зерттеулер негі­зін­де Қазақстан тарихы үшін ғана емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды ғылыми қоры­тындылар жасалғаны әмбеге мәлім.

Этно-аграрлық туризмге Ақтоғай ауданының Қызыларай өңірі Қазақстандағы көне тарихтар мен көз тартар әсем табиғаттың қолмен сұрыптап таңдап қойғандай үйлесім тапқан панорамаларының бірі.

Баурайында қарағай орманы өскен, шатқалынан аққан сарқырамасы бар Орталық Қазақстандағы  ең биік тау Ақсораң шыңы (1565 м )осы жерде.  Шынар басында руда қорытқан, алып қорғанның қақпасындай көрінетін Тесіктасы бар, әйгілі Мамай батыр жасағымен асқан тар асулы Қызыларай тауы Ақсораңға іргелес жатыр. Ал нағыз тау алпинизмі үшін табиғаттың өзі әдейі тұрғызып қойған құз жартасты, 100 адам еркін сыйып кететіндей екі қабатты, тас үңгірлі, шың басында киелі су бар Әулие тауы да Ақсораңның бір сілемінде орналасқан.

Ұлы даланың Қола дәуіріне тән өркениеті мен мәдениетінің археологиялық ошағына айналған Беғазы тауының аңғарындағы әйгілі «Беғазы тарихи-археологиялық кешені» де көз көрім жерде (15 шақырым) көрініп тұр.

Солтүстігінде Алаш қайраткері Ә.Бөкейхановтың туған ата-қоныс қыстауымен ата-аналарының жерленген зираты «Талды бейіт» қорымы орналасқан, батысындағы 2 шақырымға созылған қара гранитті тас белдеуде қола дәуіріне тән таңбалы тастардың ғажайып галериясы сақталған, тау төбесінде  «Аспан көлі» деп жұртшылық атап кеткен су аспаны бар тарихи Желтау тауы да осы Ақсораңнан 20 шақырымға ғана жерде. Бір ғажабы осы аумағы 150 шақырымнан аспайтын 61 мың гектар жерді алып жатқан Ақсораң, Қызыларай, Беғазы, Желтау тауларының ортасындағы жазық далаларда 40-тан астам  Түркі дәуірінің  мүсін тастары сол алғашқы орнатылған қалпында сақталып,бүгінге дейін жеткен. Көне қыпшақ ғибадатханасы да осы жердегі «Жіңішке өзенінің» жағалауынан табылған. Сондай-ақ   осы таулы өлкені Орталық Қазақстанда өмір сүретін аңдар мен құстардың 95-тен астам түрлері мекендейді. Тау аңғарларында 20-дан астам дәрілік  табиғи шөптер өседі.

Бұл өңірде ежелгі ұлттық қас шеберлеріміздің ер-тұрман жасау, сырмақ, текемет басу, өрнекті ши тоқу, зергерлік бұйымдар өңдеу сияқты ұсталық  мектептерінің  мұралары сақталған.Бүгінде соны жалғастырушы  ізбасарлары да жетерлік.

Табиғаттың   өзі сыйға тартқан осыншама тарихи-табиғи құндылықтар шоғырланып орналасқан «Қызыларай-Беғазы»   өңірі этно-аграрлық туризмді дамытуға  сұранып тұр. Бұл өңірде этно-аграрлық туризмді ашудың алғашқы алғышарттары дайын. Таудың таза ауасы,  кәусар бұлақ суы, адам аяғы баспаған табиғат көріктері этно туризмнің талаптарын толық қанағаттандырады.

Қазақстандағы тарихы аса бай, табиғатты әсем Ақтоғайдың  Ақсораңында этно-аграрлық туризмді өркендету арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, тарихын зерделеп, археологиялық ескерткіштерін мәдени мұраларға айналдырамыз.   

Жағажай туризмге Балқаш көлі – Қазақстандағы ірі көлдердің бірі. Көлдің ұзындығы – 614 шаршы метр, ені – 3,5-тен 44  шаршы метрге дейін созылған, ал тереңдігі 26 метрге дейін жетеді. Балқаш көлінің ең басты ерекшелігі – оның суының түрлі минерализациясында, егер оның батыс бөлігі болса, шығыс бөлігі ащы сулы. Балқаш көлі жер бетіндегі ең көне көл болып саналады, көл туралы алғашқы тарихи-географиялық деректерді қытайлықтар берген. Көлдің флорасы мен фаунасы өте бай. Көлде 20-дан астам балық түрлері, 120-дан астам құс түрлері кең таралған. Бұл аймақта Балқаш көлінің солтүстік шығысына қарай Тораңғалық, Шүбартүбек, Тасарал елді мекендері орналасқан. 

 

Фото: Евгений Каримов
 

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района